"Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі
0
Қ.З. Маңқараев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» — «Орал өңірі» газеті 2016 жылғы 15 желтоқсандағы №152 (20404)

Сыбайлас жемқорлық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, нарықтық экономика құрылысына кері әсер ететіні, инвестициялық тартымдылықты төмендететіні және жалпы алғанда елдің болашақ дамуына қауіп төндіретіні бәріне мәлім. Сондықтан жемқорлыққа қарсы қимыл, оған жол бермеу және жемқорлық жағдайларын жоюдың тиімді тетіктері қажет.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы      іс-қимыл, сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай туғызатын шарттар мен жағдайлар өрісін тарылту, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау тиімділігін арттыру,  сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілері іс-әрекетінің себептеріне әсер ету, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру міндеттерін шешуге бағытталған іс-шаралардан тұратын мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне деген сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық іс-шаралар, сонымен қоса «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңына сәйкес басқа да шаралардан тұрады. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру еліміздің басты стратегиялық құжаты және мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылатын Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы шеңберінде жүзеге асырылады.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық бақылау институтын енгізу, квазимемлекеттік және жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сот және құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықты ескерту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту сияқты түйінді бағыттар, негізгі тәсілдер және басым шаралар белгіленген.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия ережелерін кезеңді жүзеге асыру нақты шаралар мен орындау мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспарымен қамтамасыз етіледі.

 

Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы да  (бұдан әрі – басқарма) өз құзіреті шегінде сыбайлас жемқорлықпен күресті жүргізеді және Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының 2015 — 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015 — 2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға қатысады. Басқарма облыстың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын қалыптастыруға және қол жеткізуге ықпал ететін, мемлекеттік жоспарлау жүйесін іске асыру саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылатындықтан жергілікті бюджетті қалыптастыру және жоспарлау процесін ашық түрде жүзеге асырады. Сондықтан басқарманың ресми интернет ресурсында жергілікті бюджеттің негізгі параметрлері туралы ақпарат және бюджеттік жоспарлау саласындағы нормативтік құқықтық актілер орналастырылған «Бюджеттік саясат» бөлімі бар, «Азаматтарға» бөлімінде Азаматтық бюджет орналастырылады. Сонымен қоса облыстық бюджетті бекіту туралы мәслихат шешімінің жобалары қоғамдық талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет порталында орналастырылады, содан соң талқылау және ұсыныстар енгізу үшін Қоғамдық кеңеске жолданады.

 

Барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері және лауазымды тұлғалар өз құзіреті шегінде сыбайлас жемқорлықпен күресуге міндетті. Сондықтан басқармада сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабардар етуге болатын сенім телефоны орнатылған, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен өтінімдеріне арналған жәшік орнатылған.

 

Сонымен қатар басқарма басшылығы апта сайын азаматтарды қабылдау жүргізеді.  Қабылдау уақыты, тәртібі және жауапты тұлғалар туралы ақпарат Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ресми интернет ресурсында «Азаматтарға» бөлімінде орналастырылған.